22 мамыр күнi Көкшетау қаласында жыл сайын дәстүр бойынша өткiзiлетiн Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерi байқауы өттi. Проза мен поэзия сайысында қатысушылар 125-жылдық мерейтой иелерi қазақтын Үш бәйтерегi Бейiмбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Iлияс Жансүгiровтың, белгiлi ақын-жазушылар Фариза Оңғарсынова, Оралхан Бөкей, Әбiш Кекiлбаевтың шығармаларын тыңдаушы қауымға шебер жеткiзе алды. Байқау екi кезеңнен құралды. 1 кезеңде қатысушылар прозалық шығармалар оқыса, екiншi кезеңде поэзиялық өлеңдерiмен көрермендердi сусындатты.
Әдiл қазы алқасы үмiткерлердiң өнерiн бағалау кезiнде олардың көркем мәтiндi оқу шеберлiгiне, дауыс мәнерiне және тiл тазалығына, көркем мәтiндi таңдау талғамына, сахналық және оқу шеберлiгiне, сондай-ақ киiм мәдениетiне баса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша 1 орынды Ақан серi атындағы жоғары мәдениет колледжiнiң студентi Әлбосын Таңнұр, 2 орынды жоғарыда аталған колледждiң студентi Хамза Айдын, 3 орынды Ш.Уалиханов атындағы КМУ студентi Саяхат Аманжан, «Өркен» балабақшасының тәрбиешiсi Темiрғалиева Айнагүл иелендi! Жеңiмпаздарымызды құттықтаймыз! Қалалық байқаудын жеңiмпазы Әлбосын Таңнұр 4 маусым күнi өтетiн облыстық байқауға жолдама алып, қаламыздың намысын қорғайды.